Түрлі шектеуі бар саяси тұтқындардың бостандықтағы өмірі қандай?
Сәуір айында сот сатира жаңалықтарын жазатын Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты бес жылға бостандығын шектеу үкімін шығарды. Негізгі жазаға 15 тыйымнан тұратын тізім қосылды, оның ішіне қайырымдылықпен айналысуға және ерікті болуға тыйым бар.
«Власть» бұрын соттан осындай шектеу алған белсенділермен әңгімелесті және тыйымдар тізімі уақыт өткен сайын көбейіп бара жатқанын, мұндайға бұрынғы саяси тұтқындар мен олардың отбасы қалай төтеп беріп жүргенін баяндайды.
«Аула сыпырушы болып қана жұмысқа тұра алдым»
Бес жыл бұрын белсенді Әлнұр Ілияшев билік басындағы Nur Otan (қазіргі – Amanat) партиясын сынаған пост жариялады, содан кейін Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Залина Махарадзе үш жылға бостандығын шектеуге және мәжбүрлі түрде еңбекке тартуға үкім шығарды. Ілияшевке төтенше жағдай режимі кезінде көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылды — бұған «Гора родила мышь» және «Nur Otan – партия жуликов и воров» деген жазбалар себеп болды.
Тергеу кезінде абақтыда болған Ілияшевке пробациялық бақылау белгіленді және бес жылға қоғамдық және жария қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Коронавирус пандемиясына байланысты сот онлайн өтті. Ілияшев сот отырысына тікелей қатысуым керек деп, бұған қарсы болды: құрылғы сымын жұлып тастады, бейнені өшірді, ақырында сот отырысына зиян келтірмесін деп оның жанына екі адамды отырғызып қойды.
Сотқа дейін Әлнұр Ілияшев заңгер еді, пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеп, қосымша кеңсе күзетіп жүрген. Тұтқындағанда сол жердегі техника да тәркіленіп, мекеменің басы бәлеге қалды. Ілияшев абақтыда өткізген екі ай кезінде жұмыс беруші мүлкін қайтарып алуға тырысты.
Сот шешімінен кейін оған жұмысқа тұру қиын болды, сондықтан Әлнұр еңбекпен қамту орталығына барды. Жағдайды түсіндіріп, сот үкімін, түйіндемесі және төрт дипломын көрсетті.
«Олар құжаттарды қарап, үкімде маған кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салынғаны жазылған деді. Олар мұны кәсібі бойынша жұмыс істеуге тыйым деп түсінді. Қара жұмысшы немесе аула сыпырушы жұмысын ұсына аламыз деп айтты», — деп еске алды Әлнұр 2020 жылдың орта тұсын.
Ол екі баспаханаға барып, сотталғанын жасырмай айтты. Баспаханалар үнемі бақылауда екенін алға тартып, Әлнұрды жұмысқа алудан бас тартты.
Қонақүйге аула сыпырушы болып қана жұмысқа тұра алды:
«Аула сыпыру маған тосын жұмыс емес, сондықтан бірден келістім. 2008 жылғы дағдарыс кезінде жұмысқа бара жатқанымда хабарландыру көріп қалдым — галерея аула сыпырушы іздеп жүр екен. Бірден жұмыс туралы сұрастырдым, сол жерде біраз уақыт жұмыс істеп, жалақының орнына картина алғанмын (күлді)».


Біраз уақыт өткенде қонақүйге арнайы қызметтен адам келіп, содан кейін жұмыстан кетуіне тура келді. Бұдан кейін мәжбүрлі жұмыс басталды.
«Пробацияға жұмыстан шығып қалғанымды, мені жұмысқа алудан бәрі қорқатынын айтып, не істеуім керегін сұрадым. Олар тұрғылықты жеріме — Медеу ауданының әкімдігіне сілтеді. Сол жерден абаттандыру компаниясына жіберді. Оқушылар сарайының жанынан учаске берілді. Раушан гүлдер өсіп тұрған жердің шөбін жұлдым. Бұл жұмысқа ақы төленген жоқ. Осы мәселе бойынша бізде құлдыққа тыйым бар, Қазақстан тиісті конвенцияға қол қойды, еңбегімнің ақысы төленсін деп арыз да жаздым. Алайда жазаны өтеу деген жауап келді».
Оқушылар сарайының маңайын абаттандыру жұмысымен Ілияшев көп айналысқан жоқ: «Әлеуметтік желілерге жазғаннан кейін олар уайымдай бастады, өйткені қоғам бұған оң қараған жоқ. Осыдан кейін мені кейін келесің деп шығарып салды (мәжбүрлі жұмысқа — В. ескертуі)».
Жұмыс іздей жүріп те Ілияшев сауал жіберуін тоқтатқан жоқ: кітап жаза аламын ба, көпшілік алдында өлең оқи аламын ба, театр қойылымдарына қатыса аламын ба дегендей басқа да сұрақтарды соттан нақтылап түсіндіруді талап етті. Сот ештеңе түсіндіре алған жоқ. Есесіне адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға жазған хаты көмектесті. Ол Ілияшев қарауындағы отбасын асырауға құқылы екенін, кәсібімен айналысуға тыйым салынбауы қажетін жазды.
«Еңбекпен қамту орталығына осы қағазды алып барғаннан кейін ғана, олар келісті. Бірінші жылым аяқталуға жақын қалғанда мамандығым бойынша жұмысқа алуға келіскен адамдар табылды. Ал жұмысың болса, мәжбүрлі жұмысты атқарудан босатады. Жалпы 18 сағат мәжбүрлі жұмыс істедім».

Пробациялық бақылауға келсек, айына екі рет түнде қызметкер келіп, Ілияшевтың кешкі оннан кейін үйінде бар-жоғын тексереді. Жазалау мерзімі аяқталса да, ол «қамқорлығындағы» адамына кейде қоңырау шалып тұрады.
Ілияшев әдетте әкімдіктер сотталғандардың жағдайына түсіне қарап, адамды нансыз қалдыруға болмайтынын біледі дейді: «Табыссыз қалдыратын болсаң, оның радикалдануына итермелегендей боласың», бірақ Темірлан Еңсебекке әлдеқайда қиын болады дейді, себебі ол экстремистік баппен сотталды.
«Режим үйреніп жатыр. Әр жаңа үкім — алдыңғы үкімдердің жиынтығы. Мен мұны Темірланға да айтқанмын. Олар белгілі бір уақытқа адамды қоғам өмірінен алып тастауға, сүйенішінен, соның ішінде қаржыдан айыруға тырысады. Олардың тіпті соған қатысты бейтарап қылу деген анықтамасы да бар, — дейді Ілияшев. — Менің интернетке шығып, әлеуметтік желілерге жазуға мүмкіндігім болды, олар соны ескерді, кейін Жанболат Мамайға мұны істеуге тыйым салды».
Қазір шектеу аяқталды, қоғамдық-саяси қызметке салынған тыйым ғана қалды — оның мерзімі биыл бітеді.
Енді Ілияшев «басынан өткен жайттарға сүйеніп», кеңес беріп жүр:
«Маған қазір кедергі болып тұрған жалғыз шектеу — сотта өзгелердің мүддесін қорғау үшін заң консультанттары палатасына мүше бола алмаймын. Мен сотталған кезде бұл норма әлі болған жоқ, ал қазір сотталғаның үшін қабылдамайды».
Ілияшев барлық процесті басынан өткізгендіктен заң консультациясы бойынша білетіні көп. Жақында ол құқық қорғау ұйымдарына әкімшілік қамауға алу бойынша семинар өткізуді ұсынды.
Сенім көмектесті
Қамауға алынған алғашқы 20 күн бойы Ілияшев уақытша ұстау изоляторында жатты, бұл ережеге қайшы, себебі үш тәуліктен кейін күдіктілер тергеу абақтысына жіберілуі керек.
«Былайша айтқанда, маған екі прокурорлық мерзім қолданылды, камера ішіндегі жұмыс жүріп жатты, олар мен туралы ақпарат жинағысы келді. Рецидивистермен бірге болдым. Бірінші рет қамалған адамды бұрын сотталғандармен бірге ұстауға тыйым салынған, ондағылар маған тереңдетілген қысқаша таныстыру курсын өткізді», — деп еске алды белсенді.
Қамауда болған кезінде сенім, өзінің дұрыс жолда екенін түсінуі мен қоғамның қолдауы көмектескенін айтады: «Адамдардың күресіңе қолдау білдіргенін көру, тіпті жай лүпіл басуының өзі құлшынысымды арттырды. Осы процестің ішінде екеніңді көргенде қиындыққа басқаша қарайсың. Мұны жай сынақ деп білесің, одан өтуім керек, мен алғашқысы да, соңғысы да емеспін дейсің».
Оның үстіне ол тұтқын болуға іштей дайын болды — «өкінішке қарай, түрме — режимге қарсылар үшін өмір шындығы».
Ілияшевке әдебиет те көмектесті — Махатма Гандидің кітабын оқып, оны ұстаз тұтты. Ілияшевтің темір торға қамалу қатері төнген адамдарға арналған фильмдер мен кітаптар топтамасы бар. Мысалы, Жак Одиардың «Пайғамбар», Стивен Кинг романы желісімен түсірілген «Шоушенктен қашу» фильмдері, «Граф Монте-Кристо» романы, репрессияға ұшыраған қайраткерлердің естеліктері. Ал диссидент Натан Щаранскийдің «Зұлымдықтан қорықпа» кітабын жақында оқып бітірді.
«50 жылдай уақыт өтсе де, ештеңе өзгерген жоқ, бәрі сол қалпында, әдістері бірдей», — дейді Ілияшев кітап туралы.
«Мен бұған дайын болуды қолдамаймын»
Сұхбат беруге, әлеуметтік желіге жазба жариялауға, қоғамдық орындардан көрінуге және петиция бастауға тыйым салу әдісін сот алғаш рет тіркелмеген Демократиялық партияның негізін қалаушы, 2023 жылы алты жыл шартты мерзімге сотталған Жанболат Мамайға белгіледі.
Сол кезде сот оны Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпты деп таныды: билік өкілін қорлау, көрінеу жалған ақпарат тарату және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру. «Власть» тағылған айыптардың мән-жайын мына материалда жазды.
«[Бұрын] адам саяси белсенділік танытса, оның саяси құқықтары шектелетін. Ал азаматтық және саяси құқықтың барлығынан дерлік айыру үрдісі Жанболаттан бастап қалыпты нәрсеге айналып бара жатыр», — дейді журналист, құқық қорғаушы, заңгер әрі Жанболат Мамайдың жары Инга Иманбай.
Оның айтуынша, бастапқыда Мамайдың үкіміне он үш түрлі тыйым кірді — биыл Темірлан Еңсебекке салынған шектеулер де сондай. Алайда үкім оқылғаннан кейін сот Мамайға қосымша тыйымдар салды, соның ішінде оқытушылықпен айналысуға, кітап жазуға және жариялауға тыйым бар.

«Қазір бізде әділ сот жоқ, Конституциялық сот та, басқасы да әділ емес, әйтпесе Жанболат пен Темірлан сөзсіз жеңіп шығар еді. Адамды сөзі үшін, ойы үшін азаматтық құқықтан айыруға болмайды», — деп санайды Иманбай.
«Мен неліктен мұны саяси құқықтың ғана емес, азаматтық және конституциялық құқықтың шектелуі деп айтып отырмын? Айталық, Темірлан немесе Жанболат тұратын тұрғын үй кешенінде құбыр жарылды делік. Адамдар ПИК алмастыру үшін петиция ұйымдастырады, олар бұған да қол қоя алмайды, бұл олардың азаматтық құқығы ғой», — деп мысал келтірді Иманбай.
Оның айтуынша, отбасы көп жылдан бері саясатпен айналысып келе жатқандықтан, мұндай жағдайға іштей болса да дайын болды.
«Біз, әрине, өмірдің күтпеген бетбұрыстарына үйренген адамдармыз, көп нәрсені бастан кештік. 2017 жылы «Трибуна» деген газетімізді жапқанын да көрдік, сол кезде сот Жанболатқа журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды. Кәсіппен айналысуға тыйым салғаны ашу тудырғаны рас. Сол кезде бұл тек бастамасы екенін түсінбеген екенбіз», — дейді Иманбай.
Құқық қорғаушы мұндай шектеу тек тәжірибелі саясаткерлер мен белсенділерге ғана емес, әлеуметтік желіде ой білдіріп жүрген адамдарға да қолданыла ма деп қауіптенеді.
«Мемлекет саяси, азаматтық, жалпы адам құқықтарына кепіл болудың орнына, ойын айтқаны үшін адамды барлық құқықтан айыруы дұрыс емес. Мен мұндайға дайын болуға қарсымын, мұндайды қалыпты нәрсе деп қабылдауға қарсымын. Өйткені бұл қалыпты нәрсеге айналатын болса, билік мұндайға дәнігіп алса, бұл барлық жерге қолданылады», — дейді Иманбай.
Оның айтуынша, тыйымдардан құралған үлкен тізімге қарамастан, сот Мамайға қазақша контентті ілгерілетумен айналысатын қорда жұмысын жалғастыруға рұқсат берген.
«[Қорда] журналистер мен құқық қорғаушыларға арналған қазақ тілін үйрететін бағдарлама бар. Жанболат осы жоба аясында жұмыс істеп, үйлестірумен айналысады. Әдбетте, ол қай жерде жұмыс істейтіні туралы пробацияға есеп береді, анықтама береді», — дейді Иманбай.
Мамай білімі жөнінен ағылшын тілі маманы, ресми дипломы бар, мектепте, университетте сабақ бере алады немесе репетитор бола алады, бірақ бұларды атқаруға оған тыйым салынған деді ол. «Жанболат белсенділікті, іс-қимылды ұнататын адам. Сондықтан бұл жағдай оған ауыр соқты, алайда көңілімізді түсірмеуге тырысамыз», — деді саясаткердің жары.
Қазір Мамай көп кітап оқиды, күніне бірнеше сағатын спортқа арнайды, соның ішінде кикбокспен айналысып, марафон жүгіреді.


«Жанболат адам танымастай өзгерді, — деп күлді Иманбай. — Шектеудің арқасында өзін жетілдіруге, балаларға, оларды дамытуға көңіл бөлуге көп уақыт босады».
Алайда шектеулер отбасының қаржылық жағдайына қиындық әкелді.
«Бұл тұрғыда біз дайындығы бар отбасы болып шықтық — өйткені екеуміздің қызметіміз де, бүкіл өміріміз де, атқарған ісіміз де, тіпті күрес жолымыз да ортақ. Сондықтан Жанболаттың арқасүйері бар, — деді Иманбай. — Жанболаттың барлық ісіне шектеу қойылғандықтан, қазір қаржылық ауыртпалықтың көп бөлігін өзім арқалап жүрмін, оның ішінде балалар мен тұрмыс шығындары бар».
Оның айтуынша, үшінші баласынан аутистік спектр бұзылу белгісі анықталғаны қосымша ауыртпалық әкелді, себебі бала арнаулы балабақшаға барады.
«Айрықша балаға айрықша шығын қажет, қажеттілік бірнеше есе артады, — дейді Иманбай. — Сол себепті, өзіңіз байқағандай, мен қазір заңгер де, құқық қорғаушы да, журналист те болып жүрмін. Алайда мен бұған ауыртпалық деп емес, бастан өтетін уақытша келеңсіз жағдай деп қараймын».
Көп кешікпей Мамайды мерзімінен бұрын шартты босатуға өтініш беруге болатын уақыт келеді.
«Адвокаттар мерзімін қысқартуға өтініш береді. Күресіміз [оны ақтап алуға арналған] халықаралық деңгейге шықты, біз ішкі соттардың барлығынан өттік, оның ісі БҰҰ комитетінде қаралады», — деді Иманбай.
«Тізімнен шығару мүмкін емес»
Белсенді Макс Боқай Атырауда 2016 жылы жер реформасына қарсы наразылықтан кейін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сол кезде оған «әлеуметтік алауыздықты қоздырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг туралы заңнама талаптарын бұзды» деп айып тағылды. Алайда, бірер уақыттан кейін президент Назарбаев алаңға шерушілердің шығуына себеп болған шетелдіктерге ауылшаруашылық жерлерді сатуға және жалға беруге мүмкіндік беретін нормаға мораторий жариялады.
Қазақстан құқық қорғаушылары Макс Боқайды саяси тұтқын деп, ал Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы оны ар-ұждан тұтқыны деп атады.
Белсенді бостандыққа 2021 жылы шықты, бірақ сот босатылғаннан кейін 3 жылға әкімшілік қадағалау мерзімін белгіледі, бұл ең көп мерзім.
Содан кейін оған тағы да жаңа шектеулер қосылып, қоғамдық қызметпен, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде қоғамдық-саяси тақырыпта сөз сөйлеуге, сондай-ақ көшеде немесе алаңда ойын айтуға тыйым салынды. Бұған қоса жұмыс міндеттеріне қатысы жоқ себеппен полицияның жазбаша рұқсатынсыз Атыраудан шығуға, жұмыс күндері кешкі оннан таңғы алтыға дейін және мереке мен демалыс күндері үйден шығуға болмайды деген талап қойылды.
Былтыр Боқай «ПолиТон» талқылау клубының эфиріне қатысып, әлеуметтік желіге пост жариялағаны үшін оның әкімшілік қадағалау мерзімі тағы жарты жылға ұзартылды.

«Мен әрі қарай да ұзартылады деп ойладым, бірақ жарты жылдан кейін, 2024 жылы тамызда мерзім аяқталды», — деді Боқай. Алайда, сотты болу мерзімі толықтай өтелгенге дейін полиция кез келген сәтте сотқа жүгіне алады, сот оған әкімшілік қадағалауды қайта бастауға немесе ұзартуға құқылы.
«Сотты болғаны адамның артынан қалмай ілесіп жүретінін үнемі айтып жүрмін. Менің сотты болу мерзімім 2030 жылы өтеліп бітеді», — деді белсенді.
Қазақстан заңнамасы бойынша сотты болған адам сайлауға кандидатурасын ұсына алмайды және мемлекеттік қызмет атқара алмайды.
«Мемлекеттік қызметке талпынып тұрғаным шамалы, бірақ сайлауға түсе алмайтыным — менің конституциялық құқығымды бұзу, — дейді Боқай. — Мұның бәрі қоғам белсенділерін, саяси белсенділерді, диссиденттерді, басқаша ойлайтындарды қоғамдық-саяси өмірден шеттету үшін жасалып отыр».
Қамаудан шыққан Боқай қатерге қарамастан қоғамдық қызметінен бас тартқан жоқ.
«Егер мен 2021 жылы түрмеден шығып, мұнай-газ компаниясына заңгер болып жұмысқа тұрып, алайда қоғамдық қызметімді жалғастырған болсам, ол компанияда көп тұрақтай алмас едім, — деп топшылады Боқай. — Мен онсыз да күн көре аламын деп шештім. Достарым, туыстарым, әріптестерім қолдады, әлі күнге дейін осылай өмір сүріп келе жатырмын».
Боқай экстремистік деп саналатын әлеуметтік алауыздық қоздыру бабы бойынша сотталғандықтан, ол экстремизм мен терроризмді қаржыландырумен байланысты тұлғалардың тізіміне кірді, Темірлан Еңсебек те үкімі заңды күшіне енгеннен кейін кіруге тиіс.

«Бұл тізімге кіруден келетін қолайсыздық: банктен шот аша алмаймын, нотариус қызметтерін ала алмаймын, сақтандыру рәсімдей алмаймын, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерге құрылтайшы, қатысушы бола алмаймын», — дейді Боқай. Алайда заң бойынша ол ай сайын ең аз еңбекақы көлемінен аспайтын (2025 жылы 85 мың теңге) соманы қолма-қол алуға құқылы.
Белсендінің сотталғанға дейін тіркелген екі үкіметтік емес ұйымы болды. Сот оларды мәжбүрлі түрде жаптырды.
«Бір қызығы, 2021 жылы түрмеден шыққан соң маған әділет басқармасы мен салық комитетінен он шақты қоңырау түсті, — дейді Боқай. — Олар менен осы ҮЕҰ бойынша неліктен есеп бермегенімді сұрады. Мен қамауда болғанда олар мені іздеген жоқ, ол жақта мен ешқайда кетпейтінім белгілі ғой».
2024 жылы Боқай тағы да коммерциялық емес ұйым ашқысы келді, бірақ заңға сай «экстремист және террорист» тізіміндегі тұлғалар құрылтайшы бола алмайтынын білді. Екі құқық қорғаушы ұйым да оны сол тізімде болғанына байланысты құрамына кіргізе алмады.
Боқай Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро заңгері Евгения Нефедьеваның көмегімен өзін «террористер мен экстремистер тізімінен» алып тастауға әрекет етіп жатқанын айтты.
«Эктремизм бабымен сотталған адамға бұл тізімнен шығудың екі жолы бар, — деп түсіндірді Нефедьева. — Бірінші жолы — сотты болу мерзімінің өтелуін күту, бірақ бізде экстремизм бабы ауыр қылмыс саналғандықтан, сотты болу мерзімі 6-8 жылдан кейін ғана аяқталады. Сондықтан біз екінші құқықты пайдаландық: сотты болу мерзімі аяқталғанға дейін сотқа дейін тергеу жүргізген органға жүгінуге болады».
Боқай өзін тізімнен алып тастау туралы өтінішпен Атырау облысының ҰҚК департаментіне жүгінді.
«Орган қазіргі кезде оң шешім шығару мүмкін емес деп жауап берді», — деді заңгер.
Осы шешімге шағымдану үшін Нефедьева Боқаймен бірге Атырау облысының арнаулы әкімшілік сотына жүгінді.
«Сот бізге әкімшілік талап арызды кері қайтарып, былай деп жазды: ҰҚК департаментінің бас тарту туралы шешімі әкімшілік акт емес, Макс үшін ешқандай құқық пен міндет тудырмайды. Ол Макс үшін ешқандай құқық тудырмайтынымен келісемін. Бірақ мұндай бас тартуға ешқандай уәж келтірілмеген, іс жүзінде адам құқығының бұзылуы жалғасып жатыр», — дейді заңгер.
Сәуір айында Боқай апелляция инстанциясынан бас тарту шешімін алды. Нефедьеваның айтуынша, енді ол Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіре алады немесе бірден Констициялық сотқа жүгіне алады.
Конституциялық сотта заңгер әкімшілік талап арызды қалауынша қайтаруға мүмкіндік беретін әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс нормаларына шағымдануды жоспарлап отыр. Ол тағы бір шағымды Боқайдың конституциялық құқықтары: сотта қорғану құқығы, жеке меншік құқығы, еңбек ету құқығы, ассоциацияларға бірігу және қатысу еркіндігі құқығы, сонымен қатар бір қылмыс үшін екі рет жазалауға болмайды деген негізгі құқық принципі экстремизмді қаржыландыру туралы заң арқылы бұзылып отырғанына байланысты бермекші.
«Қазір экстремизм бабы бойынша бостандығы шектелген Темірлан Еңсебекті де осы жағдай күтіп тұр. Макстан айырмашылығы — ол түрмеге отырмайды. Бірақ кейін 11 жыл бойы ол да банк картасын, шот аша алмайды. Демек, адам іс жүзінде бес жылға сотталса да, құқығы 16 жылға шектелетін болады», — деп ой түйді Нефедьева.
Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть