22 қаңтарда Семей қаласында жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізушінің апелляциялық соты өтті.
Қайғылы оқиға қалай болды?
Қайғылы оқиға өткен жылдың қыркүйек айында орын алған. 21 жастағы Аяжан Нұрмадиева Бозтаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда, джип автокөлігі оны қатты жылдамдықпен қағып кеткен. Бейнебақылау камераларына бойжеткеннің көлік соққысынан бірнеше метрге ұшып кеткені түсіп қалды.
Жол апаты болған орында бүгінгі күні жаяу жүргінші өткелін алып тастады.
Марқұмның анасы Гүлнора Муминованың айтуынша, жүргізуші тежеуішті баспай, қызды қағып, оның үстінен екі рет жүріп өткен. Қатты жарақат алған бойжеткен сол жерде жан тапсырған.
"11 метрге ұшып, тоқтағаннан кейін жүргізуші оны көлік астынан алып шыққанымен, тым кеш болды. Біздің кенже қызымыздың өмірі қиылды. Бұл жаза тым жеңіл", – дейді Гүлнора Муминова.
Соттың шешімі
Сот шешімі бойынша, жүргізуші Қылмыстық кодекстің 55-бабының 2-бөлігіне сәйкес, ауырлататын мән-жайлардың жоқтығына байланысты 2 жыл 6 айға бас бостандығынан және бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Сондай-ақ, 15 млн теңге моральдық шығын өтеп беруге шешім шығарды. Жазаны қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеуге жіберіледі. Судья Ербол Әділбеков бұл шешімді заң аясында шығарғанын және жеңілдетілген жағдайлардың ескерілгенін айтты.
Судьяның айтуы бойынша айыпталушының бұған дейін қылмыстық іске қатысы жоқтығы, өзін қоғам белсендісі ретінде көрсеткен халықтың оң мінездемесі бары және орын алған оқиғаның қасақана жасалмағаны, оқиға орнын тастап кетпеуі және кінәсін мойындауы жеңілдетілген жайттар болып есептеледі.
Семей қаласының №2 сотының судьясы Ербол Әділбеков
Жүгізуші апелляциялық шағым түсірді
Заң аясында айыпталушы сот шешімімен келіспеген жағдайда апелляциялық шағым түсіруге құқылы. Денсаулығына байланысты, айыпталушы бас бостандығынан айыру мерзімін және моральдік шығынды азайтуды сұрады.
Марқұм Аяжанның анасының наразылығы
Бұл жол апатынан көз жұмған Аяжанның анасы, айыпталушы жазаны өтеу мерзімін азайтуды сұрағанын естігенде наразылығын білдірді. Кенже қызынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан ана айыпталушыны кешіре алмайтынын айтуда.
"Тергеу изолятордағы әр күні бір жарым күн болып есептелетіндіктен, ол бар-жоғы бір жылға сотталуы мүмкін. Бұл әділетсіз. Баламды өлтірген адам тым жеңіл жаза алмай құтылып кетуі мүмкін", – дейді Гүлнора Муминова.
Аяжан Нұрмадиеваның анасы Гүлнора Муминова
Апелляциялық соттың шешімі
22 қаңтарда, Семей қаласында жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізушінің апелляциялық соты өтті. Сот жүргізушіге берілген екі жарым жылдық жаза мен бес жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырды, деп айтты жол апатында қайтыс болған Аяжанның анасы.
Қоғамның пікірі
Бұл іс қоғамда үлкен талқыға түсті. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі, жүргізушілердің жауапкершілігі мен соттың әділдігі туралы мәселелер көтерілуде. Қайғылы оқиғалар қайталанбас үшін, әлеуметтік желілерде азаматтар жазаны қатаңдату және жолдағы қауіпсіздікті күшейту қажеттігін жазуда.
Махаббат РИЗА
Сурет: автордікі